ОҚУШЫЛАРДЫ РУХАНИ АДАМГЕРШІЛІККЕ ТӘРБИЕЛЕУДІҢ МАҢЫЗЫ МЕН МӘНІ
Abstract
Оқушы бойына ұлттық құндылықтарды сіңіре отырып, рухани адамгершілікке тәрбиелеу «Адамға ең бірінші білім емес тәрбие берілу керек. Онсыз берілген білім-адамзаттың қас жауы»- дейді ұлы ғұлама Әбу Насыр Әл-Фараби [1, ]. М.Жұмабаев...«Қазақтың тағдыры, келешекте ел болуы да тәрбиеден басталады»,-деп жазады [2, ]. Олай болса, білім алудың негізгі қағидасы тәлім-тәрбие.
Шығыс ғұламасы: «...Тәрбиесіз берілген білімнің құндылығы болмайды»,-дейді тағы да [3, ]. Расында, бар күшімізді білімге жіберіп, бала тәрбиесін назардан тыс қалдырсақ, біздің ұрпақ алдындағы үлкен қателігіміз де сол болмақ. «Бала тәрбиесі-баршаға» демекші ұстаздар, тәрбиешілер баланы дұрыс тәрбиелеуге, санасының қалыптасуына үлес қосамыз. Бүгін ақылды ұрпақ тәрбиелеп, ертеңге сенімді ұрпақ табыс ету де біздің еншімізде десе де болады.
Ұрпақ тәрбиесіндегі басты ұстаным-тәрбиелеудің ұлттық жолдарын саралап, айқындап бала бойына сіңіре білу. Яғни, бала бойына ұлттық құндылықтарды сіңіре отырып, рухани адамгершілікке тәрбиелеу. Өйткені, ұлттық тәрбиенің мақсаты болашақта ұлттық сана-сезімі жоғары, өз елінің салт-дәстүрін, тарихын, мәдениетін жақсы білетін, сүйетін, ұлттық құндылықтар мен жалпыадамзаттық құндылықтарды ұштастыра білетін ұлтжанды тұлға тәрбиелеу. Ұлттық санасын ояту, өз ұлтының ана тілін, дінін, мәдени мұраларын меңгерту. Бала бойына жанашырлық, сенімділік, шыдамдылық, намысшылдық тәрізді ұлттық мінезді қалыптастыру.