Қазақтың жер-су атауларының тарихи-танымдық маңызы
Keywords:
этномәдениет, топоним, ұлттық топонимдік кеңістік, топонимдік жүйе, этимологияAbstract
Жер-су атаулары географиялық белгі ретінде адрестік қызмет атқарумен қатар, сол жерді мекендеген халықтың салт-дәстүрі, ой-санасы, рухани болмысының көріністерін бойына терең сақтаған танымдық және кумулятивтік маңызы зор мәдени құндылық болып та табылады.
Қай халықтың болмасын болмысы мен дүниетанымы, этникалық мәдениеті мен рухани өмірі қай кезде, қандай жағдайда болсын, белгілі бір географиялық кеңістікте көрініс табады, нақтылы тарихи дәуірлердің жемісі болып саналады. Ал халықтың барлық өмір-тіршілігі, ғасырлар бойы қалыптасқан мәдени, рухани байлығы болса, ең алдымен сол халықтың ана тілінен өз өрнегін табады да, асыл қазына болып қалыптасып, атадан балаға, ұрпақтан ұрпаққа ауысып отырады. Бұл - тіл атаулының бәріне тән объективті заңдылық, ортақ қасиет, сондықтан географиялық көне атаулар тарихи ескерткіштер іспетті, себебі өткен замандардың мұралары ретінде мемлекеттер мен халықтардың тарихының, жер жағдайларының, материалдық және рухани географиялық мәдениеттерінің белгілі бір тарихи кезеңдердегі келбетін, қалпын көрсетеді.
Тілдің өмірі тіл иесінің әлеуметтік өмірімен астарлас, өзектес, бірінсіз-бірі бола алмайтын құбылыс. Тілдің де сол халықпен бірге жасап келген тұрақ-мекені, өзен-көлі, тау-тасы, сай-саласы - адам өміріне қатысты оны қоршаған кеңістіктегі барлық нысан сол халықтың этникалық және азаматтық тарихымен бірге туып, біте қайнасқан дәуірлері болатыны шындық және осы табиғи тұтастық тарихи деректерден гөрі тіл байлығынан көбірек көрінеді деп есептеледі. Өйткені тарихи деректер әртүрлі себептермен сақталмауы да, сақталған күнде де анық жетпеуі мүмкін, ал тіл, оның деректері қанша дәуірді басынан өткізсе де, толассыз толығып, ғасырлар бойы жаңарып, жаңғырып отырса да, өткен өмірдің куәгері болуы сөзсіз деп есептеледі.
Кең-байтақ қазақ даласында әрбір тарихи кезеңде тілдері мен діни наным-сенімдері әртүрлі тайпалар мен рулар өмір сүріп, мекен етті, сонымен қатар көрші елдермен қарым-қатынас та ежелгі дәуірлерде-ақ болған. Қазақ тіліндегі жер-су атауларының тарихи-әлеуметтік қабаттары мен даму кезеңдерін: көне түркілік (жалпы түркілік), қазақ тіліне тән төл және кірме қабаты бойынша саралауға болады. Ал аймақтық топонимияда осы қатынас іздерімен қатар, сол аймақтың географиялық, шаруашылық ерекшеліктері болатыны айқын. Осыған орай, баяндамада қазақ жеріндегі топонимдердің кірме қабаты жайында айтылады.
Published
How to Cite
Issue
Section
License

This work is licensed under a Creative Commons Attribution-ShareAlike 4.0 International License.