СЕРІКБОЛ ҚОНДЫБАЙҰЛЫ ЗЕРТТЕУЛЕРІНДЕГІ ҰЛЫ ДАЛА ТАҚЫРЫБЫ
Abstract
С. Қондыбай (1968-2004) қамшының сабындай аз ғұмырында өлмейтін мол мұра қалдырды. Ол өзінің іргелі ізденістерімен ғылымның қия шыңына шыға білді. Автордың бұл еңбегі қазақ мифологиясының түп төркініне терең бойлады. Сондай-ақ мифологиялық бейнелерді сөздік тәртібімен орынды жүйелеп, олардың тарихи болмысын жан-жақты саралай білген. Айталық, Арыстан баб, Асан кайғы, Баба Түкті Шашты Әзіз жайлы толғаныстары мен көктүріктер мифологиясына арналған ойлары өзінің баға жетпес кұндылығымен кім-кімді де ойландырмай қоймасы анық. Кондыбай еңбектері жоғары оқу орындарының студенттері мен ізденушілеріне, оқытушылар мен мамандарға, ғылым сүйер озық ойлы оқырманға арналған. Тарих тереңге кетсе де, нәрлі тамыр сияқты: шыққан тегімізді, ұлттық болмысымызды, салт-дәстүрімізді санамызға жеткізуші, өткен ғасырлар мен бүгінгі күн арасындағы алтын көпір. Тарих - азаматтың рухани түғыры, өткеннен ұлағат іздейтіндер үшін тарих ғұлама ұстаз. Қазақстанның тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың "Тарих - өткеннің сыбағасы, алдыңғының кейінгіге өнегесі" деген сөзін жалау еткендей, жалғыз өзі арғықазақтың мыңжылдық тарихын мифология мен лингвистикаға сүйене отырып зерттеген. Әлемдік мәдениет пен дүниетанымға қазақтың да қосқан үлесінің зор екендігін дәлелдеп беріп, ғаламдық мифологияның феномені ретінде танылған тұлға - Серікбол Әділбекұлы Қондыбай [1].