ОЙРАТ, ҚАЛМАҚ ЖӘНЕ ЖОҢҒАР АТАУЛАРЫНЫҢ ЗЕРТТЕЛУІ
Abstract
Қазақ халқының жоңғар шапқыншылығына қарсы күресі тарихын ғылыми негізде зерттеудің басталуының іргетасы төңкеріске дейінгі кезеңде қаланды. Қазақ халқының XVII-XVIII ғғ. тарихында өзінің елдігін, тәуелсіздігін, жерін сақтап қалу үшін, мемлекетін нығайту үшін сыртқы саясатта жүргізген күрестерінің ішінде жоңғарлармен (ойраттармен, қалмақтармен) болған шайқасының орны ерекше. Бұл жерде қазақ халқын «Ақтабан шұбырынды» оқиғасына ұшыратқан ел туралы сөз болып отыр. Қарастырылып отырған кезеңнен бастап-ақ осы күнге дейін қазақ жеріне шапқыншылықтар жасаған бұл халық түрлі елде, тіпті бір мемлекеттің шеңберінде де әрқалай, көбінесе «ойрат», «қалмақ», «жоңғар» сияқты атаулармен жазылып жүр.
Елімізде «құба қалмақ заманы» деп те белгіленетін дәуір тұлғаларының шығармаларынан, олар жайлы ел аузынан тараған «ауызша тарихтан» зерттеуге қатысты мәселелерді қарастыруға болады. Қожаберген, Ақтамберді, Бұқар жыраулардың халқымызды бірлікке, ерлікке бастауда жігер берген туындылары қазақ елінің басқыншы жоңғарларға қарсы тойтарыс күрестерінен де сыр шертеді. Қабанбай, Бөгенбай, Жәнібек сынды батырларымызға, Абылай ханның өзіне ғана арналған алуан нұсқадағы шығармалар жеткілікті. Оларды өзге дерек көздерімен қатар қойып, ғылыми зерттеу айналымына енгізу жалғасып келе жатыр. Сондықтан қазақ халқының жоңғар шапқыншылығына қарсы күресінің тарихын ашу барысында көрсетілген туындылардың орны бөлек.