Б.Майлин көсемсөздері және сыншылық көзқарастары
Abstract
Тума талант Б.Майлиннің есімі қазақ әдебиеттануының тарихына алтын әріппен жазылған. Алдымен, Б.Майлин алымды ақын, парасатты прозашы, дарқан драмашы деп таныдық, одан кейін өндіріп жазған очеркші, фельетоншы деп айтылып келді , енді оның тілшілігі мен журналист екендігіне де тоқталатын кез келді.
Сынның негізгі көрінер арасы – газет пен журнал екені де ақиқат. Сын да әдебиет ісін қоғам алдындағы еңбегімен ұштастыра отырып, оны жеке адамның дүниетанымын қалыптастыру үшін пайдалануға қызмет етеді. Жазушының шығармашылық жолына көз тіксек, Бейімбеттей өнімді еңбек берген жазушы қазақ əдебиеті тарихында жоқ. Қазіргі тоғыз томға мөлшерлеп шығарған Майлин еңбектері, оның қаламынан туған туындыларды толық қамти алмайды. Отызыншы жылдар – Бейімбет Майлиннің өз қолымен жазып қалдырған «Мен қалай жаздым?», «Екі оқушыға жауабым» атты елеулі еңбектері, сондай-ақ «Іскер, байсалды сын керек», «Сəкен! », «Қалам батыры Қалмақан» атты мақалалары жарық көрген кезең. Аталмыш туындыларында Б.Майлин шығармашылық бастауларына ой жүгіртеді, жазушы еңбегін бағалау жөніндегі пікірлерін білдіреді, жазушылық зертханасының сырларынан хабар береді. Жалпы əдеби ортадағы пікірталастан бойын аулақ ұстаған Бейімбет Майлин өзінің əдеби сынға деген көзқарасын, кейбір сыншылардың тақырыпқа тар саяси шеңберде қарайтынын осы кезеңде алғаш рет ашып айтады. «...Бірер жазушыны «ауылды айналақтадың» деу қаншалықты орынды болар екен? «Ауыл», «өндіріс» деп бөлшектеудің керегі болар ма екен?», – дейді ол. «Көп жазасың, көп үңілесің. Баршамыз да солаймыз. Өйткені, үйрене беруіміз керек, əлі балдырғанбыз ғой. Ал бізді үйретер іскер, байсалды сын болса, əлі жоқ. Анығына келгенде, бізде көбінекей сын емес, жеке басының авторға қатынасын білдіретін рецензия ғана баршылық. Жақсы көрсең – жер-көкке сыйғызбай мақтайсың; жек көрсең – жер- жебіріне жетіп даттайсың. Терең де байсалды сынға зəруміз. Ол бізге қат... », – дейді ол тағы бір мақаласында. Бұл осы кезеңдегі І.Жансүгіровтің: «əдеби сын бізде əзір аз, біздің сынға кірісіп жүргендер əлі үстірт, тайқалақ, орашолақ істеп келе жатыр... » деген пікірімен де үндес жатыр. Жалпы 1924 – 1937 жылдар арасында Б.Майлин шығармалары туралы көп жазылды, əсіресе 1935 – 1937 жылдары оның драмалық шығармаларының Қазақстан сахналарында жиі қойылуына байланысты рецензия, оқырмандар пікірі түріндегі театр сыны өрістеді. Мысалға бір кезде «қазақ кеңес əдебиетінің негізін салушылардың бірі» атанған Бейімбет Майлиннің əдеби- публицистикалық мұрасын алайық. Сөз өнерінің сахнасына қалам ұстап шыққаннан бастап оның өнерпаздық тұлғасы зерттеушілер назарынан тыс қалған жоқ. Ұлт зиялыларының басым көпшілігі жазушы шығармалары туралы ой-пікірлерін əр кезде білдіріп отырды. 1924 жылдан жарық көре бастаған осы жарияланымдарды жинақтап көрсек, бұлардың өзі-ақ дербес зерттеу объектісіне айнала алатын шамаға жеткенін аңғарамыз. Сан алуан сападағы, əрқилы жанрдағы зерттеулер, рецензиялар, мақалалар, т.б. Бейімбет Майлин шығармашылығын нақты дəуір аумағында бейнелеп, жазушы хақында белгілі бір шамада жұртшылық пікірінің қалыптасуына негіз қалады, болашақ зерттеулер үшін ұстанатын бағытты, мақсат-міндетті айқындауға ықпал етті. Алайда, уақыт бір орнында тұрмайды, сол сияқты ғылым да ұдайы ізденісте болады, дамиды, жетіледі. Оның үстіне бір кезде бірыңғай идеологиялық талап шеңберінде жазылған еңбектерге қоғамдық-саяси жағдайдың өзгеруі əсер етпей қоймайды. Ал бұл сайып келгенде, бұрынғы өткенді жаңаша байыптауды, алдағы міндеттерді нақты уақыт талабымен үндестіре қарастыруды талап етеді.
Published
How to Cite
Issue
Section
License

This work is licensed under a Creative Commons Attribution-ShareAlike 4.0 International License.