НӘБИДЕН ӘБУТАЛИЕВ ШЫҒАРМАЛАРЫНЫҢ ЖАНРЛЫҚ, ТАҚЫРЫПТЫҚ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ, КӨРКЕМДІК ӨРІМІ
Abstract
Өңірімізден шыққан талантты тұлға Нәбиден Әбуталиев шығармашылығы туған жерге, елге деген сүйіспеншілікті, ұлттық сананы оятуымен, қазақ халқына танымал біртуар тұлғаларды дәріптеуімен, тарихи оқиғаларды шебер баяндауымен ерекшеленеді. «Ақ жайық» атты тұңғыш өлеңі 1943 жылы газет бетінде жарияланған Н.Әбуталиев әдеби әлемге өлең-жырларымен, әңгімелерімен, сыни мақалаларымен таныла бастайды. Қазақ әдебиеті тарихында түрлі жанрда қалам тербеген Н.Әбуталиев, ең алдымен, талантты жазушы. Ол «Қайран Нарын» (1980), «Өттің дүние» (1986) атты повестер, «Наркескен» (1989) романын, «Ел қорғаған ер» деректі әңгімесін жазды. Тарихи тақырыпты қамтитын повесть-романдарында өр рухты Махамбет пен Исатай тұлғасын кеңінен ашып, олардың батырлық, ақындық жолдарын жауынгерлік, ерлік істерін көрсетеді.
Жазушы 1991 жылы қазақтың талантты өнерпазы Сегіз сері Баһрамұлы Шақшақов өмірінен сыр шертетін «Сегіз сері» атты повесть жазады. Жазушы Б.Нұржекеевтің «Сегіз сері және Нәбиден аға» [1] мақаласында да бұл шығарманың идеялық-мазмұндық ерекшеліктері сөз болады. Бұл туындысы жөнінде жазушы: «Тарихи тақырыпқа қалам тартқан әрбір жазушы, өмірде болған белгілі есімдерге байланысты ой саралап, тұжырым айту үшін зерттеуші де болуға тиіс екен. Сөйтіп тарихи деректер мен ел аузынан жинаған шежіреге жүгінгенімде бірден Исатай, Махамбеттің жақын батыр сардарларының бірі – Сегіз сері есімі кезікті. Ол кәдімгідей жанды бейне ретінде көзіме елестеді. Оның өміріне қызыққаным соншалық, Сегіз серіден тіпті айырылғым келмеді. Сөйтіп өзім жазған «Қайран Нарынның» жалғасы «Өттің дүние» атты екінші кітабымда Махамбетпен қоса Сегіз сері бейнесін жасауға біраз күш салдым» [2, 2 б.] – дейді автор.
Автордың «Ел қорғаған ер» атты деректі әңгімесі Кеңес одағының батыры, жазушы, даңқты жауынгер, әскери қолбасшы Бауыржан Момышұлының өмір жолын, тұлғасын танытады.